Біздің блогқа қош келдіңіздер! Приветствуем Вас на нашем блоге! Надеемся, что Вы найдете здесь много интересной информации! Просим Вас уважаемые читатели оставлять свои комментарии и пожелания о блоге.

понедельник, 1 сентября 2014 г.

БИАҒАҢНЫҢ ЕЛІНДЕ


О праздновании юбилея нашего земляка в Тарановском районе печаталось в разных периодических изданиях, в том числе и газете: "Қазақ әдебиеті". - 2014. - № 32. - С. 1, 4. А мы предлагаем вам посмотреть этот материал с сайта газеты. Источник: http://writers.kz/journals/?ID=10&NUM=300&CURENT=&ARTICLE=8020
Тамыз айының 8-9 күндері Бейімбет Майлинның туған жері Қостанай облысы, Таран ауданы, Ақтөбе ауылында жазушының туғанына 120 жылдық мерейтойы өтті. Облыс көлемінде өткен шарадан көп кісі бейхабар қалды. Мүмкін республика көлемінде аталып өтетін мерейтойдың қатарында болмағаннан кейін солай болған шығар. Бір жағы Қостанай аймағы көп адамға «жұмбақ қала» сияқты әсер береді. Баспасөз бетінде жүріп жататын әр түрлі шуға қатысы жоқ, астығымен ғана көпке мәлім мекеннің өз сыры өзінде.
Жуырда жазушының Рәзия деген қызынан тараған ұрпақтары Бейімбет Майлин атындағы қоғамдық қор құрған. (Президенті – Салтанат Мұстафина. Рәзия Бейімбетқызының Әбиүр деген ұлынан туған. Директоры – Жұмабек Табын). Жазушы атындағы қордың шақыруымен Биағаңның мерейтойына қатысқан едік.
Қазақ даласының кеңдігін пойызбен сапарға шыққан адамнан артық кім түсінер екен... Әсіресе, отарба Сарыарқаны басып өткенде, бір бекеттен екінші бекетке жете алмай қоясың. Тамбурға шығып алып, терезеден сыртқа көз тастайсың. Ол кезде дүңкілдеген пойыз даусы да естілмей қалатындай. Шексіз қиялдың құшағына енесің. Осы Ұлы Далада бабалары­мыз­дың ғұмыры өтті. Неше алуан соғыс болды. Дау-дамай шешілді. Соның бәрін елестету тым қиын. Бергі замандарда патшалық отарлау жүрді. Ояздар, аға сұлтан, билер талай сабылған-ау! «Абылай аспас қазақтың сары белі, Қуандық, Сүйіндікпен жайлайды елі» дейтін белдердің көкірегі сайрап тұрған шығар. Әттең, айтарға тілі жоқ... «Абылай аспас» дегеннің ар жағында хан мен бидің арасындағы оқиға да тыңдарманын елітіп әкетеді. Қазақ даласын көрген сайын Мұқағалидың «Жұрттарда қалған жұмбақты кімдер шешеді» деген сөзін жақсы түсінетін сияқтысың. Неше жұрт жатыр екен. Солардың әрқайсысы жасырған жұмбақты шынымен кім шешеді? Әсіресе, осы әнді сол жұрттарға қарап тыңдаған қандай! 
Өтіп бара жатқан жеріміз Жаңаарқаның тұсы болса керек. Жұмабек аға Шоң бидің бір әңгімесін айтып берді. Бұндай әңгіме жол қысқартқанға жақсы. Бұл үлкен Шоң екен. Екінші Шоң Торайғырмен бірге туған. Алдыңғы Шоң оңтүстіктен бір дауды шешіп, еліне қайтып келе жатқанда бір үйге түсіпті. Түскен үйдің келіні ұл тауып, атын дуалы ауыз Шоңның құрметіне «Шоң» деп қоймақшы болып рұқсат сұрайды. «Менің атым ауыр еді. Бірақ батамды берейін» деп би рұқсат берген. Қазақтың екі Шоңының бір-біріне қатысы осындай. Сонымен, үлкен Шоңның әңгімесі: Шоңның тұсында Құтжан бидің де дәуірлеп тұрған кезі екен. Құтжан мен Шоң үнемі сөзге келіп қалады екен. Бір күні Шоң Құтжанға хат жазып жібереді. Шоңның шабарманы хат әкелгенде, Құтжан шалқасынан жатса керек. «Башпайыма қыса сал» депті. Бұны хат әкелуші Шоңға айтады. «Құтжан асайын депті» дегеннен артық ештеңе демепті. Сол Құтжан бір жолы істі болып, ояздың өзі келіп, Сібірге айдауға әкетпек болады. Басына күн туған Құтжан би: «Мені бір құтқарса, Шоң құтқарар» деп хабаршы жібереді. Шоң би Құтжанды әкетіп бара жатқан ояздың алдынан үй тігіп, мал сойып күтіп алады. Оязға: «Бұл Құтжанды мен жазалайын. Егер менің жазам жеткіліксіз болса, апаратын жеріңізге апара беріңіз. Бір күн рұқсат берсеңіз болды. Қашырып жібермей­тініме өзім кепілмін», – дейді. Сөйтіп, Құтжанды алып, Қарағаш деген тоғайға түнімен байлап қояды. Тоғайдың масасы бармақтай екен. Түнімен масаның талауына түскен Құтжанның үсті күп болып ісіп кетеді. Ояздың өзі шыдамай, Құтжанды шешкізіп алыпты. Шоңға: «Жазаңа ризамын. Ендігі тәртіп бұзбайтынына да сен кепіл бол» деп Құтжанды тастап кетіпті. Бір жағы азаматын айдаудан алып қалып, бір жағы өткен асылық ісінің жазасын берген Шоңның ісіне пікір айту да артық. Көз алдымыздан зуылдап өтіп жатқан әр жерде осындай қазақы дархандық болған десе, сенер едік...
Түсетін жеріміз Қостанайға жетпей, Тобыл бекеті. Қостанай аймағына өткеніңді сары белдер бітіп, астықты алқапқа ілінгеніңде білесің. Табиғаттың әдемілігін кейде таумен, өзен-көлмен өлшеп жүреміз. Сол ұстанымның қателігін Күн нұрына малынып, толқып жатқан алқапты көргенде түсінесің. Жап-жасыл, көзің жетпейді. Аспанмен астасып кеткен. Бірыңғай жазық емес. Адыр-адыр. Егін – теңіз сияқты. Адырларын, белдерін толқын дерсіз. Ақырын соққан самалмен теңселіп тұрған астық масағы судың беті сияқты толқиды, ойнайды. Бұл пейзажды тұңғыш көруім. Малды ауыл мен қаладан шықпаған адам үшін жаңалық екені де рас. Әсіресе, күн батып, я таң атып келе жатқанда егін беті Күн сәулесімен ажарлана түседі. Жеп отырған нанымыз осындай сұлулықтан туады екен ғой. Тәттілігі де сондықтан-ау!.. Соны егіп, күтіп, халыққа жеткізетін диқандардың, наубайшылардың еңбегі машақаты көп жұмыс болса да, берекелі сияқты. Оларды Тәңір жарылқасын!
Таңғы сағат жеті шамасында Тобылға түстік. Әкімшіліктің адамдары домбырамен арнау айтып, шашу шашып қарсы алды. Бұндай қарсы алу қазақылықтың көрінісі болса да, чемодан арқалап пойыздан түсіп келе жатқан бізбен өз салтанатын таппай қалған сияқты әсер берді. Орысшалау аймақтың дәл бұндай сыйына бізбен бірге, жолаушылар да таң-тамаша. Өзіңді бір құрметті адам сезініп, тойға келгеніңді түйсінеді екенсің. Алда Биағаңның тойы!
Қазақ әңгімесі туралы сөз қозғала қалса, алдымен Бейімбет Майлиннің есімі ауызға түседі. Дүние тірлігіндегі қақ-соқпен ісі жоқ, жазу жазып отырғанда бір қолымен шашын ширатып отыратын, айналасында болып жатқан жәйттерге назар салмайтын қаламгер келбеті көз алдыңда көлбеңдейді. Биағаң туралы қай естелікті оқысаңыз да осы мінезіне үнемі жолығасыз. Сірә, жазу дегенің мына әлемнен бөлініп кете алмайтын, сонысымен қоймай таңғажайып әсер беретін басқа бір жаратылыс болар...
Бейімбет Майлин 1984 жылы 15 қазанда сол кездегі Торғай облысы, Қостанай уезі, Ақтөбе ауылында, Әйет өзенінің бойындағы Шаңқан деген жотада дүниеге келіпті. Жетпіс төртке жуық жасырын аты болған жазушының бір аты «Шаңқан» болатыны сондықтан екен. 
Әйет – Ақтөбе ауылының етегінде ағып жатқан кішкене өзен. Тұрғындары көбіне өзге ұлт өкілдері болғандықтан ба, жерліктер ол өзенді «Аят» деп атайды екен. Жазушының жүз жылдығында Ақтөбеге жаңадан үйлер салынып, мешіт ашылған. Ол кезде облыс әкімі – Балташ Тұрсымбаев. Бүгінде көп аузына қарасаң, облыс басшысының сол ісін мақтап айтысады. 
Сол мешіттің алдында мерейтойдың ашылуы болды. Аудан әкімі – Бақберген Өтеулин. Бұл шараның басы-қасында жүрген осы кісі. Өзі Міржақыппен аталас. Сансызбай деген кісіден Ниязбек, Дулат, Өтеулі деген үш ұл туады. Дулаттан Міржақып, Өтеуліден Бақберген тарайды. 
Бейімбет ұрпақтары жол ретінде жазушы музейіне, кітапханаға, осы шараны ұйымдастыруға еңбегі сіңген азаматтарға сый жасады. Солардың ішінде ерекше айтуға тиіс есім – Владимир Бушкин. Рәзия Бейімбетқызы бұл кісіні «сынок» депті. Сол жолмен Рәзия апаның қыздары Дәметер, Зәурелер «біздің бауырымыз ғой» деп отырады. Бушкин «Майлин атындағы» ЖШС-нің директоры. Биағаңның тоқсан, жүз, жүз он жылдық мерейтойларынан бері көмек көрсетіп келе жатыр екен. Бушкиннің мешіттің жанына тіккізген екі киіз үйінде қонақтарды күтті. Елге сыйлы ақсақалдардың бәрі жиылыпты. Әңгіме ауаны Бейімбет Майлин, Гүлжамал Майлина, Рәзия Бейімбет­қызы туралы естеліктерге ауды. 
Бейімбет Майлин қазіргі «Қостанай таңы», сол кездегі «Ауыл» газетінің негізін қалаған. 1924 жылы газеттің шыққанына бір жыл толғанына орай жазған мақаласында (сол кездегі редакторы М. Бейсенұлы): «Ұзақ күнге дамыл жоқ, оның күлкіден тыс, жатса-тұрса ойлайтыны «Ауыл». Ертеңгі сағат алтыдан тұрып, басқармадан түртініп отырғаны. Жалғыз Бейімбет газет ісінің бәрін атқарады һәм үлгереді» деп еске алады. Тамаша жазушы, шебер журналист Бейімбет Майлиннің жүз жиырма жылдық мерейтойына ұрпақта­рынан Рәзиядан туған жиендері мен жиен­шарлары келген. Түр, пошым жағынан Рәзия апайдың суретіне қарап, әкесіне ұқсатасың. Қыздарынан Дәметер анасына тартқан сияқты. Бұл кісі көңілді жүргенді ұнатады, қабақ шыту дегенді білмейді екен. Өміріндегі көп қиындықты күлкімен, жайдары мінезбен жеңгісі келетін сияқты.
Рәзия Бейімбетқызы өте өжет жан болған. Отыз жетінші жылы әкесі ұсталып кеткеннен кейін, жан-жаққа шашырап кеткен бауырларының басын қосқан. Бейімбеттің Әукен, Рәзия, Мереке, Еділ, Гүлсім деген бес баласы болады. Әукен Қостанайда жұмыс істеп жүргенде әкесін тұтқындап, анасын АЛЖИР-ге айдап, іні-қарындастарын Балалар үйіне жібереді. Ол жұмыстан келгенде пломба тұрған үйді көріп, төбесінен жәй түскендей болады. Ол кезде Гүлсім екі жаста екен. Сарқандтағы Сәбилер үйінде болады. Гүлсімді тауып, суретке түсіп, қамаудағы анасына амандықтарын білдіріп салып жібереді. Рәзия, Мереке, Еділ Семей қаласындағы Балалар үйінде болады. Кейін бесеуі суретке түсіп, аналарына тағы жібереді. 
Кейін Әукен жапон соғысына аттанып, хабарсыз кетеді. Мереке Мәскеуде оқуда. Рәзия анасын іздеп АЛЖИР-ге барады. Ол туралы «Аяулы әкем туралы естелік» деген мақаласын­да жазады. Гүлжамал апа қой бағады. Ғабит Мүсіреповтің айтуынша, қой бағуға өзі сұранған екен. «Үнемі тар қапаста отырғанша, қой бағайын. Далада айғайлап, жылап, шерімді шығарайын» дейтін көрінеді. Қой бағып келген анасының алдынан «Мама, мен келдім ғой» деп жүгіріп шыққан қызын көргенде есінен танып қалады. Бір-екі сағат өткенде ғана есін жиыпты. Бір ай анасының жанында болып, қой бағысыпты. Бейімбет Майлинді естеліктерде – шуға араласпайтын, бір адамға қабақ шытып көрмеген, үнемі жұмсақ, биязы қалпынан танбайтын деп еске алып жатады. Ал Рәзия Бейімбетқызы тік мінезді, қайсар, шапшаң қимылдың адамы болған. Сол жағынан алғанда Гүлжамал апаға тартқан секілді. (Базардан соғымға жылқы алып, Сәкен Сейфуллиннен ұрыс естіп қайтатынын еске алыңыз). 
Гүлжамал апаның көрген қиындықтары, әрине, бөлек бір қисса. Рәзияның естелігінде жоғалған елу қой туралы айтады. Гүлжамал апаның алдындағы отардан бір күні елу қой ығып кетеді. Өзі іздеп, таба алмай келе жатып, бір ауылға түседі. Сондағы колхоз бастығының үйіне кірсе, кішкентай балалары жүгіріп жүреді. Өз балалары еске түсіп жылай берсе керек. Өзінің хәлін, елу қойдың жайын үй иесіне айтады. Ол жігіттерді сайлап, қойларды іздетеді. «Табылса, табылды. Табылмаса осындағы елу үй бір-бір қойдан шығарып, АЛЖИР-дің елу қойын орнына қойып береміз» дейді. Іздеген қой табылады. Гүлжамал апа кейін сол адамды үлкен ризашылықпен еске алып отырады екен. 
Дастархан басында Биағаңның жиеншарларының бірі Ботагөз Рәзия апасы туралы бір естелік айтты. Бұл әңгімені Гүлсім Бейімбетқызынан естіпті. Гүлсім Алматыда дәрігер болып қызмет істейді. Бір күні жұмысында бір келіспеушілік болып, қызметінен шығып қалыпты. Бірден Жаңаарқадағы әпкесі Рәзияға қоңырау шалады. Жылап жағдайын айтады. Бір-екі күннен кейін Гүлсімнің үйіне Денсаулық сақтау министрінің хатшысы телефон соғады. Ол кезде министр Мұхтар Әлиев екен. «Сізді министр шақырып жатыр» дейді. Гүлсімнің есі шығады. Жұмыс орнында­ғы­лар министрлікке шағымданған деп ойлайды. Сөйтіп, министрге барса, хатшысы жылы қарсы алыпты. Ішінен «жаман емес сияқты» деп ойлайды. Министрге кірсе, ол да жылы қабақ танытады. «Гүлсім Майлинасыз ғой?». «Иә». «Сіздің жұмысыңызда бір келіспеушілік болып, шығып қалған екенсіз. Ештеңе жоқ. Ондай-ондай болып тұрады. Жұмысыңыздан шыққан жоқсыз. Алаңсыз істей беріңіз. Ал Рәзия Бейімбетовна Майлина сізге кім болады?». «Әпкем». «Ал, кім боп жұмыс істейді?». «Вокзалда кассир» деп жауап беріпті. Сөйтсе Рәзия өзінің мінезіне салып, «ҚазССР денсаулық сақтау министрі М. Әлиев жолдасқа. Осындай жерден жұмыстан шығып қалған Гүлсім Майлина жұмысқа қайта алынсын. Рәзия Бейімбетовна Майлина» деген мазмұнда қол қойып, хат жазып жібер­се керек. Ал министр өзіне бұйы­ра хат жазған адамды үлкен лауа­зымның иесі екен деп қалғаны анық.
Рәзия Бейімбетқызы әкесінің жүз он жылдығына қатысады. Ол кезде қант диабетінің салдарынан екі аяғынан айырылған екен. Жаңаарқадан Тобылға анасын арқалап келген кенжесі Жанбота да арамызда болды. Рәзияның жары Әбілқасым ақсақал жеті жыл, өзі алты жыл төсек тартып жатқан. Сонда әке мен анасына кенжелері Жанбота мен келіні Жазира қарапты. Рәзия апай ешкімнің алдында күмілжімей, өмірден тік өткен адам екен. Күніне үш мезгіл жақсы тамақ болуы керек. Тәртіп сондай. Енесіне қолынан тамақ берген Жазираның да еңбегін елемей кету әділетсіздік болар еді. Рәзияның өз қайын атасы да ұзақ уақыт төсек тартып жатыпты. Жас кезінде өз атасына істеген жақсылығы есіне түсіп, өмірінің соңында «мен де атамды осылай күтіп едім. Сен де мені солай күттің. Саған ризамын» деп батасын беріп кетіпті. 
Мереке мен Еділдің ұрпақтары орыстілді. Екеуінің де жарлары орыс қызы болыпты. Өмір бойы «Әкем өлген жоқ. Әкем тірі» деп өткен Рәзияның балалары Биаталарының шын іздеуші­лері сияқты көрінді. Өздері Биата дейді. Ананың тәрбиесі солай болса ше?! Биағаңның атын малданған қылық­тарын көрген жоқпыз. Шын қадірлеп, шын жоқтайды. 
Дастарханда ел ақсақалдары да өз тілектерін айтты. Ауданға аты берілген. Таран бір замандардағы пересилен екен. Қазақ ауылдарына шауып, еркектерін өлтіріп, әйелдеріне зорлық жасаған қаныпезер болса керек. Міржақып Таранды Торғайға шақырып, сол жақта өлтірткен деген әңгіме ел ішінде көп айтылады. Аудан әкімінің Міржақыппен туыстығын ескеріп, «Таранның өзін атаң құртқан. Енді сен атын өшіріп, ауданға Бейімбет атын алып берсең» деп әзіл-шыны аралас тілек айтты. Бұл тілек сол жердегі көп халықтың ортақ пікіріне ұқсайды. 
Сол күні Тобыл маңындағы Лисаковск қаласындағы бір қонақ үйде түнедік. Бұл жақтағы елдімекендердің атаулары түгел орысша. Лисаковск өнеркәсіптің қаласы екен. Өте таза қала. Тобылдың жағасында. Адам аз. Ертесі қаланың көрікті жерлерін араладық. Қаланың тазалығына сүйсінгенімізбен, қазақ қаласы екені аңғарылмайды. Қазақ жері болғаннан кейін атаулардың бәрі қазақша болса деп ойлайсың...
Екінші күні Таран маңындағы жазықта үлкен той өтті. Қостанайдағы Жазушылар одағы филиалының директоры Ғұмар Ахметшин, сол жердің тумасы, ақын Серікбай Оспановтар құттықтау сөз айтты. Биіктеп сахна жасап, киіз үй тігілген. Ауданның бар халқы осында. Биағаңның шығармаларынан көрініс қойып, мүшәйра, ақындар айтысы өтті. Сол күні күн ыстық еді. Көбі көлеңке іздеп, әр жаққа кетті. Сахна алдындағы аз халықпен бірге Салтанат Мұстафина (Биағаңның жиеншары) мен Раушан Сапаева отырды. Бір қарағанда бұл қарапайым нәрсе. Бірақ ата құрметі үшін, өнерпаздардың еңбегі үшін, ең бастысы, халықпен бірге отыруын кішіліктің белгісі деп түсіндік. Бәйге, күрес, мүшәйра, айтыс жеңімпаздары сый-құрметсіз қалған жоқ.
Кешке Бейімбетпен аталас Қуаныш деген кісінің үйінде қонақта болдық. Бұлар да Майлыдан тарайды. Майлының Жармұхамед деген баласынан Биағаң, бұл кісілердің атасы Қалихан Жармұхамедтің інісі. Қуаныш аға бидай өңді, көп сөйлемейтін, сөйлесе, сөздің майын тамызып айта­тын кісі. Бір қойын сойып, туыстарын қонақ қылды. Туыстардың бірін-бірі көрмегелі де ұзақ жыл болса керек. Абыр-дабыр қалжың, қызық оқиғалар айтысып жатты. Дастарханды Қуаныш аға өзі басқарып отырды. Әрқайсымызға кезек-кезек сөз берді. Сөз реті келгенде, әкесі Қалиханнан естіген бір әңгімесін айтты. Қалихан Алматыға Биағаңның үйіне келіпті. Бірде телефон шырылдағанда, тұтқаны Қалихан көтереді. Ар жағынан: «Мен Серкемін ғой», – дейді. Қалихан ол кезде Серкені онша танымаса керек. Биағаңа Серкемін дегенін айтса, «Онда мен қошқармын деп айт» десе, аңғал Қалихан дәл солай айтып, тұтқаны іле салыпты. Биағаң әбден күлсе керек. Өзі де кейін қызықтап еске алып отырады екен. Осы Қалиханның баласы, бізді қонақ етіп отырған Қуаныш аға да әзілі жарасқан жерде есе жібермейтін адамға ұқсады. Меймандарының алдында ізет сақтап, «қуыс үйден құр шықпа» дегеннің жоралғысын да жасады.
Тобылға барған бірінші күннен сыйлы қонақтардың арасында болып, құрмет көрдік. Үлкен атаның баласы деп бір дастарханға бата жасау құрметі де бізге бұйырды. Кей үйде төрде отырдық. Бұл ешқандай рушылдықтың әңгімесі емес. (Бір сөз айтсаң, қисық-қыңыр түсінетін ағайындардың барын несіне жасырайық). Тек қай заманда да қалыптасқан қазақы дәстүрден аттап кете алмайтындығымызды айтқым келген. Жас басыңмен төрде отырып, бата жасағаныңа қарадай қысылған жағдайлар болды. Кейін соған бой үйреніп, әкімдердің жанында отырмасаң, ренжитін де күн туа ма деп қорқамын. Адам баласы өте әлсіз, тез өзгергіш қой...
Екі күн болған шараның бәрі Биағаңның құрметіне. Қандай кеш, нендей той болса да Бейімбет лайық. Ол қандай адам еді? Оған Биаға туралы естеліктер жауап беретін сияқты. Ол қандай жазушы еді? «Қазақы әңгіменің атасы» деген бір ауыз сөз жауап орынын толтыра алар ма екен?! 
Рәзиядай қазақтың қасиетті, қайсар қызы болғанына да осы сапарда көз жеткіздім. «Әкем өлген жоқ. Әкем тірі!» дейтін сөзі жылдар өткен сайын дәлелдене береді. Бейімбет атымен бірге Гүлжамал анамыздың, олардың балаларының есімдері де өлмейді. Олар кешкен қиын күндер мен көтерген ауыр тағдырлары да талай жастың жүрегін езіп, жанарларын жасқа шылайды. 
Ал мына сөзді Гүлжамал Майлинаның аузымен, болашақ талай айтады:
«...Үй шаруасымен жүріп, ұзақ күннің қалай өткенін білмей қаламын. Маужырап кеш келеді. Бала, келін, немерелерім ұйқыға кетеді. Жайлап барып шкафты ашамын. Бейімбет, Бейімбетім жазып кеткен көп кітаптың бірін аламын да, түн ортасы ауып кеткенше күбірлеп оқып жатамын... 
...Күліп алатын да, жылап алатын да кездерім болады». 


Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ.
Алматы – Тобыл – Ақтөбе – Тобыл – Алматы.


Комментариев нет:

Отправить комментарий