Страницы

пятница, 19 сентября 2014 г.

Жұлдыздар отбасы АҢЫЗ АДАМ



Журнал: "Жұлдыздар отбасы АҢЫЗ АДАМ" в "Контакте" имеет свою страничку, на которой можно найти все публикации, которые печатаются в "бумажном" варианте журнала. Материал о Беимбете Майлине публиковался в следующих номерах: 
"АҢЫЗ АДАМ" журналының №11 санында - жазушы Бейімбет МАЙЛИН! Сондай-ақ 1921 және 1932 жылдардағы АШАРШЫЛЫҚ нәубетінің әдебиеттегі бейнесін де осы санымыздан оқи аласыздар!!!

Серік ҚИРАБАЕВ, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚазҰҒА академигі:
БЕЙІМБЕТТІҢ «КҮЛПАШЫ» ШЫНДЫҚТЫ БЕЙНЕЛЕЙТІН ТУЫНДЫЛАРДЫҢ БАСЫ САНАЛУҒА ЛАЙЫҚ
– Бейімбет Майлиннің шығармашылығында қазақ даласындағы ашаршылық қалай көрініс тапты?

– Жасынан еңбекші халықтың тұрмысын, отаршылдық пен ішкі езгінің қабаттасқан ауыртпашылығын көріп өскен Бейімбет Майлин қажу танытпай, болашаққа сеніммен қарай білді. XX ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалыстарынан нәр алған, соның әсерімен жазушылық еңбегін бастаған Бейімбеттің алдан күткен үміті де халық аңсаған бостандық идеясымен үндесті. Оның социалистік революцияны қабылдап, жаңа қоғамдық тәртіпке үміт артуының себебі де осында. Ол жаңа қоғамды еңбекшілердің, езілген кедей-жалшылардың тілегінде болады деп ұқты. Одан адам баласына ортақ әділдік күтті. Қоғамға осындай үлкен сенім арта отырып, Бейімбет шындықты боямай, жаңаның бәріне бас шұлғи бермей, реалист жазушы есебінде өмірде орын алған ұнамсыз құбылыстарды, халық үмітін алдауға құрылған шындықтың көлеңкелі жақтарын өз шығармаларында үнемі ашып көрсетіп отырды. Адам бойындағы қайшылықты мінездер мен өмірдегі жақсы-жаманның күресін жіті танып, оның диалектикалық байланысын шебер суреттей алған жазушы реализмінің күші де осында болатын.
Қазақ даласына советтендіру саясатының бірқатар қиыншылық алып келгені, бұйығы өмір кешкен елдің жаңаны қабылдай алмай оңашалануы, аштық пен ауру жайлаған халық тұрмысы, сондай ортаға жаңа тәртіпті күшпен кіргізіп, оны орнықтырмай жатып ескіні түгел қиратып, аласапыранға жол берген заманның адам басына салған ауыртпашылығы Бейімбеттің алғашқы әңгімелерінің өзінен анық көрінеді. Оның «Күлпашы» – осы тектес шындықты бейнелейтін туындылардың басы саналуға лайық. Онда Бейімбет 1920-1921 жылдардағы аштық суретін бір отбасының тағдыры арқылы ашады. Әңгімедегі қайыр сұраудан пайда түспей бұралып өлгелі жатқан Мақтым мен Қалидың аянышты күйі де, оларды қимай, әрі аштық қысып, екінші жағынан, жан сақтау үшін бай адамға кету туралы ой басын шырмаған Күлпаштың трагедиясы да психологиялық тұрғыда күшті берілген. Мақтым да, баласы Қали да өледі, бай адамға күйеуге тиіп, ол үйден күйеуі мен баласына тамақ алып жүгірген Күлпаш оларды тірі көре алмай (әкелген тамағын бере алмай) күйінеді. Жазушының суреттеуі бойын­ша, тірі қалса да, Күлпаш – рухани өлген адам, ол – аштық құрбаны. Оның Жұмағазыға тиюі де – өзінің қарабасын сақтау амалы емес, күйеуі мен баласының жолына өзін құрбан етуі, сол екеуіне тамақ тауып беру амалы. Шындықты, адам басына түскен ауыртпашылықты характер арқылы, оның психологиялық күйзелісі арқылы суреттеуде Бейімбет «Күлпаш» арқылы бір қадам ілгері басты.
Осыған жалғас ол «Айт күндері» (1922 ж.) атты әңгіме жазды. Мұнда бұрын айтты қызықтап ел қыдырған еркін елдің басына түскен бүгінгі ауыртпашылық – аштық суреті бірнеше эпизодтық суреттемелер арқылы беріледі. Олардан біз малдан айрылып, құрбан шалуға шамасы келмей қалған халықтың көңіл күйін, өкінішін, оларды алдап, айтқа союға мал сатып ақша таппақ боп жүрген алаяқтардың бейнесін, айт кезінде өлген адамды «тілеулері дұрыс екен, айт күні қайтты ғой» деп өзін-өзі жұбатып отырған надан ұғым-түсінікті танимыз. Ана жылы айтқа жиылған елді қымызға қандырып риза еткен Бәкеннің бүгін қатынымен қайтыс болғанын көреміз. Бәрі де ауыр суреттер. Жазушы заман басқа салған ауыртпашылықпен қоса, барға алданып, айт аяғын ойын-тойға айналдырған парықсыздықты да шеней жазады. «Біреуге өлім, біреуге ойын» деген осы да.
Аштық қысқан, кем-кетігі көп ауыл өмірінің сүреңсіз жақтары ол кезде аз болмайтын. Бейімбет ел тұрмысының әрқилы жақтарына көңіл аударады. Соның бірі – «Естай ­ауылы» әңгімесі. Бұл – жұқпалы ауру жайлаған ауыл жайлы әңгіме. Дәрігерлік көмек жоқ, адамдары өліп, мал басы азайған ауылда қанша көрік болады дейсіз. Адамдарының көңіл күйі де бәсең. Бас көтерер адамдары кетіп жатыр, сырттан бір көмек іздеп, дәрігер, балгерлерге қаранып, талпынып жатқан ешкім байқалмайды. Тым-тырыс бұйығы, бейқам өмір. Естай қарт қонақтарын жылы қарсы алып, елпектейді. Бірақ оларды күтуге жағдай жоқ. Қонаққа арнап айтылған өлең де өлген жігіттің мұңын шертеді. Ондай өлең де ешкімнің көңілін селт еткізбейді.
Аштық тақырыбын Бейімбет кейін де жазды. Ол әр мезгіл қазақ шаруасы өмірінің қиын кезеңдерін еске түсіріп, оны жаңара бастаған тіршілікке қарсы қоя суреттеуге тырысты. «Аштық құрбаны» (1927 ж.) әңгімесін ол бір отбасының аштыққа ұшырап, қызын байға тоқалдыққа беру арқылы ғана құтылғанын көрсетуге құрды. Алайда бай қыстан алып шығып, Қайрақбайды да, оның әйелі Шырынкүлді де, жас баласы Таңсықты да «аман қалған еңбегіңді ақта» деп малға салып қояды. Ақысыз, пұлсыз, аяусыз жұмсайды. Жас тоқал Дәмеш те қорлықта, таяқ астында өмір кешеді. Осы жағдайдан оларды жаңа өкімет құтқарады.
Әңгіменің екінші бөлімі Дәмештің Рахила деген жолдас қызына жазған хаты арқылы беріледі. Онда өзінің, ата-анасының, бауырының байдан азат болу жолы, Таңсық екеуінің оқып сауат ашқаны, өзінің Хасен деген жігітке тұрмысқа шыққаны жайлы әңгімелейді. Жазушы әуелде аштық құрбаны болып, үй ішін сақтау үшін тоқалдыққа зорға барған қыз тағдырының жаңаша шешілгеніне назар аударады.
– Ашаршылықтан кейінгі ел жағдайын жазушы қалай суреттеп жазды? 
– Аштық өтті. Алайда тұрмыс әлі оңдалған жоқ. Еңбекші елге де, кедейге де теңдік тимеді. Дегенмен өмір сәулесі түсе бастаған. Сол сәулеге қарап ел ілгеріден үміт күтеді. «Кедей теңдігі» әңгімесін (1923 ж.) Бейімбет осы идеяға құрған. Әңгіменің бас қаһарманы Бұқабай көптеген қиыншылықтардан, аштықтан құтылып, егіншілікті кәсіп етуге шығады. Алайда оның еккен тарысының өнімін өкімет алып қояды. Соған қарамастан, шыдамды Бұқабай өкіметке жаман сөз айтпайды. «Кедейді теңгереді» дегенге мәзбіз, қашан теңелгенше де байлар жанды шығарып болатын шығар», – дейді. Сеніммен бірге қаншама лажсыздық жатыр осы сөзде. 
Бұл жылдары жазылған Бейімбет әңгімелерінде заманның аласапыран тұсы, жұрттың алды-артын бағдарлауына жол бермей, тіршілікті асты-үстіне шығарып жатқан кезең суреті мол орын алады. Сол аласапыран адам басына ауыртпалық әкеліп, қинап жатыр. Қырмызы мен Қамбар («Қырмызы» әңгімесінде) әп-әдемі, жұбы жарасқан, сүйіскен жастар еді. Қызыл мен ақтың кезек аударыспағында жүріп Қамбар қайтыс болып кетіп, Қырмызы жылап қалды. Жазушы Қырмызы күйінішін, оның жан күйзелісін көрген түсі арқылы, түс көргеннен кейінгі ойлары, естеліктері арқылы шынайы бейнелейді. 
20-жылдардың аяғынан басталған колхоздастыру оқиғалары кезінде орын алған асыра сілтеу фактілерін де Бейімбет әңгімелеріне мол пайдаланған. Сол кездегі ел билеу жүйесінде орын алған белсенділіктің халыққа тигізген зәбір-залалын ол әдемі ашып көрсетеді. Бұл тұрғыда жазушының «Қалекеңнің үйінде», «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры», «Арыстанбайдың Мұқышы» т.б. әңгімелері едәуір маңызды. Бұларда өкімет атынан қызмет атқарып жүрген ауыл белсенділерінің нақты бейнелері жасалады. Алғашқы әңгімедегі елдің қолдағы малын түгел ортақтастыру саясатын жүргізіп жүрген, ыңғайына көнбеген адамдарды «оңшылдық», «солшылдық» деген айыптаулармен қорқытқан Кәреней, кейінгі әңгімелердегі Садуақас пен Мұқыш – заман ауыртпалығын қоюлата түсетін әпербақан типтер. Олар – онсыз да жүдеп отырған елді соңғы күнкөрісінен айыру мақсатын көздейтін, жат пиғылды жандар. Ең бастысы – олар өкімет, партия атынан сөйлейді. Соларға қарсы күресе отырып, өзінің қарабасын, жеке мүддесін қорғауды еңбекші ел мүддесімен табыстыра білген ауыл кедейлерінің өкілдері де көзге түседі. Олардың ішінде өкілге бар шындықты айтып, әділет жолына түсуге ұмтылған Қалекең, көк сиырын ортақтасудан арашалап, сол арқылы шаруаның күн көріп отырған жалғыз-жарым малын қорғап қалған Дайрабай сияқты қаһармандар бар. Бұлар – заман шындығын түсіне алмай, екінші жағынан, ел басшылығында отырған адамдардың теріс жүргізген саясатынан басы шырмалған, әділет, адалдық жолын ұғуға біртіндеп аяқ басқан сауатсыз қалың көптің өкілдері. Жазушы суреттеуінде негізгі шындық осылар жағында, олардың талап-тілегі заман өзгерістеріне үйлесуге тиіс. Бәрі де өкіметке, оның жолына сенеді. Сондықтан күнкөрісінен айырмаса болғаны, қалғаны болса, колхозға беруге бейіл. Мұнда Бейімбеттің жаңалыққа деген сенімі жатыр. «Шаруаны біріктіру жолымен жарылқаймыз!» деген ұранды ол да қолдайды. 
Жазушының образ жасау әдісі әрқилы. Кейде ол ел өмірінің аласапыран тіршілігін суреттей отырып, әділдік пен әділетсіздіктің күресін нақты фактілер арқылы көрсетеді, соған тілектес не қарсылас адамдар әрекетін ашады. «Қалекеңнің үйінде» осы үлгімен жазылған. Әңгімедегі негізгі кейіпкер – Қалекең ауыл өмірінің бар шындығын ашып әңгімелеп, осындағы өзгерістердің сырын түсіндіріп беруді өкілден сұрайды. Өз ұғымының дұрыстығын да, Кәренейлердің іс-әрекетінің халыққа, өкімет жолына да қайшылығын ол сөйтіп ұғынады. Кәренейдің белсенді бейнесі де Қалекең әңгімесі арқылы беріледі. 
Ал «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» әңгімесіндегі Дайрабай – нағыз дау-шардың ортасында жүрген тип. Бала-шағасын асырап отырған жалғыз сиыры – оның жан жарасы. Колхозға мал алу әңгіме болса, ауылда жиналыс болып оған сырттан өкіл қатысса, ол өз мұңын айтпай тұра алмайды, қиналып, ышқынып күнкөрісін қорғайды. Жан айғайымен әділет жолын іздейді. Бір әңгімені қайта-қайта қозғауымен тыңдаушыларын мезі қылса да, ол сөйлеуден, дауласудан танбайды. Жалғыз сиырдан айрылған Дайрабайға тағы да астық салығы түсіп, оны төлей алмағаны үшін ол ауданға айдалады. Осылардың бәрі кейіпкердің іс-әрекетін суреттеу жолымен, оның монологымен ашылады. Табиғаты адал Дайрабайдың ыза боп Сейітті сабауы, Күсебайдың атын аударып алуы, түрмені өзі іздеп ауданға келуі, райком хатшысына жолығуы – бәрі де нанымды берілген. Алайда өзі көрген, ауданнан түсініп келген шындығын ол ауылда өткізе алмайды. Оның дауы тынбайтыны да осыдан. 
«Арыстанбайдың Мұқышы» – фельетон үлгісімен жасалған бейне. Жазушы бірден-ақ оның портретін жасай таныс­тырып, әрі қарай оның сөзіне, қылығына ауысады. Келген өкілмен өзін «Арыстанбайдың Мұқышы дейтін белсенді кедейің мен боламын» деп төсін қағып танысатын ол айтқанымен жүрмесең, мұныңыз «төрешілдік», мұныңыз «оңшыл мен солшылдық» деп қорқыта сөйлейді. Осы мінезі үшін ол ортасынан қуылады. 
– Майлин жазушылығының ерекшеліктеріне тоқталсаңыз. 
– Бейімбет жазушылығының бір ерекшелігі – оның шындықты дәлелді суреттеудің амалы есебінде нақты фактіге көбірек жүгінетіні. Кейде ол құжат тілімен де сөйлейді. Бұл – әдебиетке жат әдіс емес. Орыс классикасында да (С.Щедрин), қазақ жазушыларының (С.Шәріпов) тәжірибесінде де бұл – бұрын қолданылып жүрген әдіс. Мұндай шығармалар көбінесе өмір фактісінен алыстамай, очерк тектес болып келеді. Бейімбет әңгімелерінің кейде очерктермен, суреттемелермен араласып жататыны да осыдан. Әпербақандықтың сырын дәлелді ашу үшін мұндай әдісті Бейімбет аталған әңгімелерінде де қолданады. Дайрабай әңгімесінде ол ауыл кедейлерінің жиналып егін салғанын келтіре отырып, сол егіннен өздеріне ештеңе тимеген кедейдің мұңын мұңдайды. «Бір кезде егін пісті, – дейді Дайрабай. – Жиналып бір жерден ордық. Бастық. Өлшеп едік, жеті мың пұт астық шықты. Бұған нанарсыз ба? Бұл – кедейдің көрмеген байлығы ғой. Бірақ осы байлықты көз көріп, қолымыз ұстамаған сияқты болды. Оның себебін айтайын, жолдас: жеті мың пұттың ішінен 2500 пұтын алдағы жылға тұқымға деп шығардық (кейін ол тұқым да жоғалып кетеді). 35 процентін «Кәлауния» алды. Ішіп-жеуімізге 12 пұттан тиді деп еді, Қазақстанның тәртібі өзгеше екен, «Қазақстандағы артель мүшелері жылына жеті пұттан ғана алады екен» деген шықты. «Кедей, жарысасың», – деді. Жарыстық, екі-үш пұттан астық бердік. Осы астықтың ақшасын Күншығыстағы қызыл әскерлерге сәлемдемеге жібердік. Мұны шын жүрегімізбен істедік. Аз нәрсеміздің көпке жарағанына өзіміз мәз болып қалдық. Сөйтіп отырғанымызда, «Сақтық қор» деген шықты. Одан да бас тартқан жоқпыз, бердік. Әйтеуір, тұқымымыз дайын ғой, ішудің бір жөні болар дедік. Қолдағы азық бітіп қалып еді. Сатып алатын күш қайда? Оның үстіне артеліміздің түрі өзгеріп кетті. Жасыбай былтыр «Кәлаунияға» кіргізгенде, «адам күші мен жұмыс көлігі ортақ болады», – деп еді. Ауданнан бір дударбас өкіл келіп (өзін «төтенше өкіл» деді ме, бірдеңе деп еді), «малың да ортақ, жаның да ортақ, үйің де ортақ», – деп әлекті салды. Бұзау, торпақ та, көк сиыр да ортаға түсіп кетті де барды. Осы бір сөздерден ауыл кедейі тұрмысының нашарлауына себеп болған жалған белсенділердің іс-әрекетімен бірге, соған жол беріп отырған өкімет саясатының солақайлығы да аңғарылмай қалмайды. Халықты жарысқа шақырып, әртүрлі сылтаумен олардың астығын да, малын да алу – партияның ескі әдісі болатын, оның үстіне жоқты табасың деп салық салады. Дайрабай жоғалып кеткен тұқымды қалпына келтіру үшін елге салық салғанын, өзіне 21 пұт тұқым қорын табуға бұйрық болғанын айтады. Малынан, барынан айрылған Дайрабай оны қайдан тапсын. Оның күйетіні де, ызаланатыны да осыдан. Бейімбет кейіпкерінің характері осындай әділетсіздікке қарсы күрес үстінде қалыптасады. 
Тұнықты лайлап, өзін қоғамға, көпке қарсы қоюшылар адымы да қысқара түскені – Бейімбеттің жазушылық позициясының күшті жағы. Ол жаңаның ескіге қарсы күресін осы тұрғыдан түсінеді. Сұлтанның белсенділік жолмен елден жинап тыққан астығын өкіметтің ұраны бойынша өткізіп жіберіп, аудандағы күйеуіне хат жазған Биғаншаның қылығы («Биғаншаның хаты») бұл тұрғыда ұнамды көрінеді. Адамның өз қателігін өзі түсініп, одан сабақ алып жөнделуге ұмтылуы – жаңа адамның тууы мен қалыптасуының ең маңызды жолы. Жаңа қоғамға керек жаңа адам көктен түспейді, бар адамды жаңа рухта тәрбиелеу керек. Қателігін өзіне сабақ ете отырып, биік адамдық мұраттарға бағыттау қажет. Бейімбет осы жолды ұсынады. Оның шығармаларындағы жаңа типті адамдардың барлығы күрес үстінде шынығып, өседі. Бұл тұрғыда Азаматтың да («Азамат Азаматыч»), Бұзаубақтың да («Қызыл әскердің үйі»), Қамиланың да («Кеңес ағасы – Қамила»), Жақыптың да, («Көктеректің бауырында»), Әміржанның да («Әміржаның әңгімесі»), Раушанның да («Раушан – коммунист») өсу жолдарында белгілі дәрежеде ұқсастықтар бар. Олар өздерінің ескі ұғым-түсінігін кеңейту, жаңарту жолымен де, ескілік мінез-құлыққа, ескірген салт-санаға қарсы күресе жүріп те, дұшпандарының кедергілерін жеңіп те жаңаға қарай жол табады. Азаматты, Жақыпты, Рау­шанды, Әміржанды, Қамиланы сүріндіруге ұмтылушылар аз болған жоқ. Олар кейде дұшпандарының сөзіне, алдағанына еріп қателеседі де. Екі қоғам (ескі мен жаңа) мен қоғамдық тәртіптің адам үшін күресі басталады. Ескілік оны өз уысынан шығармай ұстауға тырысқанмен, жаңалық адамды өзіне тартпай қоймайды. Жаңаның жеңісі осылай басталады. Жаңа адам да осы жолмен туып, қоғамдық тәртіпке, өмірге жаңа көзқарас қалыптасады. Бұл – өмір заңы, диалектикалық күрес заңы. Бейімбет осы шындықты әдемі суреттейді. 
– Жазушының бұл тұрғыдағы ең қызықты шығармасы қайсы? 
– «Әміржанның әңгімесі» – бұл тұрғыдағы ең қызықты шығармалардың бірі. «Әміржанның әңгімесі» де Бейімбеттің көптеген басқа шығармалары тәрізді бірінші жақтан айтылады. Автор оқиғаны лирикалық кейіпкердің өзі көрген, сезінген әсері жайлы әңгіме түрінде дамытады. Әңгіме 30-жылдары жазылған. Аштық өткен. Ел өзіне-өзі келе бастаған. Коллективтік шаруашылыққа біріккен ауыл тіршілігінде еңбекке ынта күшейе бастағаны байқалады. Лирикалық кейіпкер – өкіл. Колхоз бастығын да орнынан емес, ұста дүкенінен табады. Оның машина жөндеу жұмысына өзі араласып жүрген іс адамы екенін танимыз. Елдің бәрі жұмыста. Жалғыз-ақ жұмыссыз жүрген – Әміржан. Осы жағдайлар өкілдің әміржанмен әңгімелесуіне, оның бос жүруінің жайын сұрауына негіз болады. Әміржан әңгімесі дәстүрлі әңгіменің үлгісінде туған. Ол бүкіл өмірінен хабар береді. Жоқшылық көрген кедей баласы екенін, Кеңес өкіметінің арқасында азаттыққа қолы жетіп, қызылдардың қатарында оның жеңісін баянды етуге қатысқанын айтады. Кейін ауылды советтендіру жұмысына араласады, осы жолда белсенділік көрсетіп, асыра сілтеу науқандарына қатысады, қызмет бабын пайдаланып, жолсыздықтар жасайды. Осы қылықтары үшін партиядан шығып, қызметінен алынады, әйелімен аралары бұзылып, жаза тартады. Қателігін кеш түсініп, мойындап, қуынып жүрген Әміржанның жоғарыдан хабар күтіп, отбасымен табыса алмай жүрген тұсына өкіл тап келеді. 
(Толық нұсқасын "АҢЫЗ АДАМ" журналының №11 санынан оқисыздар) 

Комментариев нет:

Отправить комментарий